22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Экономика

Жыл соңына дейін Қазақстан мен Қытай арасында ортақ QR-төлем пайда болады

Жыл соңына дейін Қазақстан мен Қытай арасында ортақ QR-төлем пайда болады

Қазақстанның Ұлттық Банкі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерінен құралған делегация 30–31 шілде күндері Қытай Халық Республикасына арнайы жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында екі елдің қаржы секторының негізгі өкілдері арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп, стратегиялық маңызы бар біршама келісімдерге қол қойылды.

Бұл сапардың басты нәтижелерінің бірі – Қазақстан Ұлттық Банкі мен Қытай Халық Банкі арасында валюта свопы туралы екіжақты келісімге қол қойылуы болды. Үш жыл мерзімге жасалған бұл құжат: Орталық банктерге ұлттық валютадағы өтімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Екіжақты сауданы дамытып, инвестициялық байланыстарды кеңейтеді.Өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануға жол ашады.

Сондай-ақ екі елдің орталық банктері цифрлық теңге мен цифрлық юань арқылы есеп айырысудың пилоттық жобасын іске қосуға уағдаласты. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Ұлттық төлем корпорациясы мен UnionPay International (UPI) арасындағы меморандум аясында екі ел арасындағы QR-төлемдерді қабылдау жүйесі біріктіріледі.

Банк секторы және инвестициялық мүмкіндіктер

Сапар барысында Қытайдың Ұлттық қаржыны реттеу басқармасымен, Қытай банктері қауымдастығымен және елдің ең ірі коммерциялық банктерімен (ICBC, Bank of China, ABC, CCB) кездесулер өтті.

Басты талқыланған мәселелер:

  • Қазақстанның юаньға байланған облигациялар шығару мүмкіндігі.

  • Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы мен Қытай банктері қауымдастығы арасында ынтымақтастық меморандумын дайындау.

  • Қытайлық банктердің Қазақстанда еншілес ұйымдар ашуы мен ел экономикасын қаржыландырудағы үлесін арттыру.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы қытайлық серіктестерін Алатау қаласының инвестициялық жобаларына, цифрлық қаржы мен жасанды интеллект саласындағы бастамаларға белсене қатысуға шақырды.

Бұл сапар екі ел арасындағы қаржылық-экономикалық қатынастарды нығайтып, трансшекаралық есеп айырысуларды жеңілдетуге берік негіз қалады.

Ұқсас жаңалықтар