21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

ҚазҰУ-да студент өлімінен кейін проректор мен декан қызметінен босатылды

ҚазҰУ-да студент өлімінен кейін проректор мен декан қызметінен босатылды
kaznu.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін бірқатар кадрлық шешім қабылданды. Университеттің проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылып, тағы бірнеше қызметкер жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды otirikemes.kz

Оқу орнының ресми мәліметінше, мұндай шешімдер қызметтік міндеттерді, соның ішінде студенттер жатақханасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын тиісінше орындамауға байланысты қабылданған.

Атап айтқанда, әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен айырылды. Сонымен қатар оқиға болған күні кезекшілікте болған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет әкімшілігі барлық жатақханада кешкі бақылауды күшейтіп, қосымша қауіпсіздік шараларын енгізгенін хабарлады. Сондай-ақ студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсетілмек.

ҚазҰУ өкілдері қайғылы оқиғаға қатысты ақпаратты жасырмайтынын және тергеу жүргізіп жатқан құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсететінін мәлімдеді. Университет істің объективті әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, оқу орнының басшылығы марқұмның отбасына көңіл айтып, жақындарымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Еске салайық, 16 қарашада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші курс студентінің қайтыс болғаны белгілі болды. Ол география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алған.

Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.

Ұқсас жаңалықтар