«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Аббат Жәңгірханұлы Өрісбаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Депутат су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға бөлінген бюджет қаражатының тиімділігіне қатысты мәселе көтеріп, саладағы жобаларға кешенді тексеру жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды otirikemes.kz
Депутаттық сауалда Қазақстандағы су шаруашылығы жүйесінің қазіргі жағдайы мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарының орындалуы сөз болған.
Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы қорытындысына сәйкес, еліміздегі су шаруашылығы жүйесінде барлығы 5 681 нысан бар. Оның ішінде 82 су қоймасы, 4 099 канал, 84 гидротехникалық құрылыс және тік дренаждың 1 416 ұңғымасы бар. Алайда жоспарланған 5 пайыздың орнына небәрі 208 нысан немесе жалпы санның 3,7 пайызы ғана автоматтандырылған.
Сонымен қатар суару каналдарын жаңғырту жоспары да толық орындалмаған. Жоспар бойынша 728,4 шақырым канал жаңғыртылуы тиіс болса, іс жүзінде оның 496,5 шақырымы ғана жаңартылған. Жоспардың орындалмауына мердігермен жасалған шарттың бұзылуы себеп болған.
Депутат қаржыландыру көлеміндегі айырмашылыққа да назар аударды. 2025 жылы республикалық бюджеттен 728,4 шақырым каналды жаңғыртуға 3,269 млрд теңге қарастырылған. Ал 2026 жылы сыртқы қарыз қаражаты есебінен 383,2 шақырым каналдағы жұмыстарға 14,9825 млрд теңге жоспарланған.
Депутаттың пікірінше, жұмыс көлемі мен техникалық сипаттамалары әртүрлі болуы мүмкін. Дегенмен қаржыландыру көлеміндегі мұндай елеулі айырмашылықтың экономикалық негіздемесі ашық түсіндірілуі қажет. Әсіресе сыртқы қарызды қайтару міндеттемелерін ескеру маңызды.
Бұдан бөлек, 2026 жылы автоматтандырылған су шаруашылығы нысандарының санын 881-ге дейін жеткізу жоспарланған. Алайда депутат жүйелердің санымен қатар, олардың іс жүзіндегі тиімділігіне де баға берілуі керек екенін атап өтті.
«Су саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелілігі игерілген қаражат көлемімен және жаңғыртылған нысандар санымен емес, ең алдымен судың нақты шығынын азайтумен, сумен жабдықтау сенімділігін арттырумен және пайдалану шығындарын төмендетумен айқындалуға тиіс», – делінген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты Аббат Өрісбаев су шаруашылығын жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізуді ұсынды. Атап айтқанда, жұмыстардың нақты орындалуын, бөлінген қаражаттың тиімділігін, мерзімдердің бұзылу себептерін және мердігерлердің жауапкершілігін бағалау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар депутат су инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған бюджет шығыстары мен сыртқы қарыз қаражатының ашықтығын қамтамасыз етуді, жұмыстардың құны мен нақты нәтижелілігін бағалауды ұсынды.
Сондай-ақ су ресурстарын цифрлық есепке алуды күшейтіп, судың көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылау, су шығынын азайту және инфрақұрылымды жаңғырту тиімділігінің нақты көрсеткіштерін енгізу қажеттігі айтылды.
Депутат Премьер-министрдің орынбасарынан депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.