Астанадағы №102 мектепте оқушылар арасында пышақ қолданылған оқиға болды. Салдарынан екі бала жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді, деп хабарлайды otirikemes.kz 7 арна жаңалықтарына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, оқиғаға 16 жастағы 11-сынып оқушысы қатысы бар. Ол мектепке сөмкесіне суық қару салып келген. Кейін сыныптастарына шабуыл жасап, оларға кесілген жарақаттар салған.
Оқиғадан кейін қыздың ата-анасына бала тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 43 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал оқушы медициналық тексеруден өтуге жіберіліп, психикалық денсаулық орталығының мамандарына тапсырылған.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, зардап шеккен екі оқушыға медициналық көмек көрсетілген. Олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Кәмелетке толмаған қыз профилактикалық есепке қойылған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар полиция білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға оқиғаға себеп болған жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізген. Тергеу аясында мектеп қауіпсіздігіне жауапты күзет ұйымының әрекетіне де құқықтық баға берілмек.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі оқушыға қажетті медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады. Дәрігерлер тексергеннен кейін балалар амбулаториялық ем алуға жіберілген.
Айта кетейік, бұл — екі жыл бұрын ашылған, елордадағы жаңа «жайлы мектептердің» бірі. Мұнда қаланың оң жағалауында тұратын бірнеше мың бала білім алады. Оқиға 11-сынып оқушылары арасында болған.
Әзірге шабуыл жасаған қыздың мектепке жаңадан келген-келмегені, сондай-ақ сыныптастары тарапынан буллингке ұшыраған-ұшырамағаны белгісіз. Оқушыға қандай жаза қолданылатыны да әзірге айтылған жоқ. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.