Ақмола облысында жүк пойызы теміржол үстінде отырған ер адамды қағып, ол оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы жағдай Шортанды ауданы аумағында болған, деп хабарлайды otirikemes.kz nayza_kokshe Instagram-парақшасына сілтеме жасап.
Оқиға бейсенбі күні күндіз Шортанды мен Дамса ауылдарының арасындағы теміржол учаскесінде тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, пойыз 428-шақырым тұсында адамды қағып кеткен.
47 вагоннан тұратын жүк пойызы шамамен 64 км/сағ жылдамдықпен қозғалған. Машинистің айтуынша, локомотивтен шамамен 300 метр қашықтықта теміржол рельсінің үстінде отырған адамды байқаған. Ол шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
Салдарынан ер адам алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Кейін марқұмның Шортанды ауылының тұрғыны екені анықталды.
Қазіргі уақытта оның теміржолға қандай жағдайда шыққаны және машинистің ескерту сигналдарына не себепті әрекет етпегені белгісіз.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, 19 қарашада Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы теміржол көлігінің қозғалыс немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан адам өліміне әкеп соққан дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Қазір оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жарияланбайды.
Осыған байланысты Көліктегі полиция департаменті азаматтарды теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, теміржолды тек белгіленген жерден кесіп өту, рельске жақындағанда құлаққап пен бас киімді шешіп, пойыз сигналдарын есту маңызды.
Сондай-ақ пойыз өтіп бара жатқанда перрон шетінде тұрмау және вагондардың үстіне шықпау керектігі ескертілді. Өйткені бұл адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.