Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында болып, өндірістік кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен, медицина қызметкерлерімен және жастармен кездесті, деп хабарлайды otirikemes.kz
Кездесулер барысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер талқыланды.

Жұмыс сапарының алғашқы кездесуі Ақтау қаласындағы Yessenov University-де өтті. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Қыдырбайұлы Жүсіпов, университет басшылығы, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесуде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім мен ғылым сапасы, цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, жастар саясаты және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері қозғалды. Әсіресе, адами капиталды дамыту, жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жастарға өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік жасау мәселелеріне назар аударылды.

Мемлекет басшысы Жолдауда білім мен ғылымды, инновация мен озық технологияларды ел дамуының негізгі қозғаушы күштері ретінде атап өтті. Жасанды интеллектіні экономика мен мемлекеттік басқаруға енгізу, жаңа технологияларды меңгерген кәсіби мамандар даярлау міндетін қойды. Осы тұрғыда жоғары оқу орындарының алдында жаңа заман талаптарына сай мамандар даярлау міндеті тұр.
Сондай-ақ 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасы талқыланды. «Халықтық құрылыс» аясында өңірлерде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу мен жаңғырту көзделген.

Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаты «Өзенмұнайсервис» ЖШС ұжымымен кездесті. Жиынға ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз қатысты.
Кездесу барысында мұнай-газ саласын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, өндірістік қуаттарды арттыру, инфрақұрылымды дамыту және медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселелері сөз болды.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы электр және жылу желілерін жаңарту, елді мекендерді газдандыру, жаңа медициналық нысандар салу және медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы жоспарлар мен жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде ақпарат берілді.
Президент Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Мемлекет басшысы елдің энергетикалық қуатын арттырып, 2029 жылға қарай тұрақты электр энергиясы профицитіне қол жеткізу міндетін қойды. Бұл ретте өндірістік кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, энергия көздерін тиімді пайдалану және инженерлік желілерді жаңғырту өңір экономикасы үшін маңызды.

Жұмыс сапары аясында Жаңаөзен қалалық көпсалалы ауруханасының медицина қызметкерлерімен де кездесу өтті. Оған қала әкімі Сымбат Төретаев, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрайымы Лаура Ахметнияз және «Әділет» партиясы облыстық филиалының төрағасы Имаммахмұт Шағырбаев қатысты.
Жиында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсарту мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының Жолдауында азаматтардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарты ретінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеті белгіленген. Осыған сәйкес алдағы кезеңде өңірлерде ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар медициналық мамандарды даярлау мен олардың кәсіби әлеуетін арттыру мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс.
Маңғыстау облысына сапар барысында Құрылтай депутаты «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің («ҚазГӨЗ») еңбек ұжымымен де кездесті.
«ҚазГӨЗ» – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрамына кіретін, еліміздің газ саласында маңызды орын алатын кәсіпорындардың бірі. Зауыт республиканың едәуір бөлігін тұрмыстық сұйытылған газбен, Маңғыстау облысының тұрғындарын құрғақ газ және пеш отынымен, сондай-ақ Жаңаөзен қаласындағы кәсіпорындарды техникалық оттегімен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 833-тен астам адам еңбек етеді.
Кездесуде энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өндірістік қуаттарды дамыту және өнеркәсіптің технологиялық жаңғыруы мәселелері көтерілді.
Жолдауда экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін арттыру және отандық өндірісті дамыту міндеттері айқындалған. Өндіріс орындарының тұрақты жұмысы, жаңа технологияларды енгізу және еңбек өнімділігін арттыру осы міндеттерді жүзеге асырудың маңызды тетіктері болып саналады.
Сонымен қатар «Жанарыс» тігін фабрикасының ұжымымен кездесу ұйымдастырылды. Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп, мұнайшыларға, медицина, білім беру және қызмет көрсету салаларының мамандарына арналған киімдер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының арнайы формаларын тігеді.
Бүгінде фабрикада 400 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын өндіріс көлемін кеңейту арқылы қосымша 400 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Кездесу барысында отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Жолдауда отандық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттыруға, инвестиция тартуға және кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берді. Бұл бағытта «Жанарыс» секілді кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтып, қосымша жұмыс орындарын ашуға ұмтылуы өңірдің экономикалық белсенділігіне тікелей ықпал етеді.
Жұмыс сапары аясындағы тағы бір кездесу «Өзенмұнайгаз» АҚ еңбек ұжымымен өтті.
«Өзенмұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрамындағы ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның тарихы 1961 жылы ашылған Өзен кен орнынан бастау алады. 1965 жылы «Өзенмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы ретінде жұмысын бастаған кәсіпорын 1966 жылы алғашқы миллион тонна мұнай өндірді. Ал 1980 жылы жинақталған мұнай өндіру көлемі 150 миллион тоннаға жетті.
Кездесу барысында мұнай-газ саласын жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өндірістік тиімділікті арттыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мәселелерімен қатар, мұнайшылардың еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыру, тұрақты жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Еңбек ұжымы өкілдері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Кездесу ашық диалог форматында өтті.
Жалпы, Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары барысында білім беру, денсаулық сақтау, энергетика, мұнай-газ өндірісі және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы өзекті мәселелер қамтылды. Кездесулерде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын түсіндірумен қатар, өңір тұрғындары мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдауға басымдық берілді.
Мемлекет басшысы Жолдауында 2029 жылдың соңына дейін әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделгенін атап өтті. Бұл бастама өңірлердегі жол, жылу, электр, сумен жабдықтау желілерін жаңартуға, ауруханалар мен білім беру нысандарын салуға мүмкіндік беруге тиіс.
Жолдауда көтерілген міндеттердің түпкі мақсаты – экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өндірістік әлеуетті арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Ал бұл жұмыстардың нәтижесі нақты кәсіпорындардың дамуынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан, әлеуметтік нысандардың жаңаруынан және еңбек адамдарының жағдайынан көрініс табуы қажет.