21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Жетісуда төртем дүниеге келген отбасына үш бөлмелі пәтер сыйланды

Жетісуда төртем дүниеге келген отбасына үш бөлмелі пәтер сыйланды
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Жетісу облысында төртем дүниеге келген Бекеевтер отбасына Сарыөзек ауылынан үш бөлмелі пәтер берілді, деп хабарлайды otirikemes.kz.

Альмира Бекеева төрт сәбиімен Алматыдан үйіне оралғанда, жерлестері оларды салтанатпен қарсы алды. Өңір басшысының атынан ата-ана мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады. Отбасына жаңа көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан жайлы тұрмысқа қажетті жағдайы жасалған пәтер берілді.


Көлбаевтың айтуынша, Альмира Алматыда болған кезде облыс әкімі балалардың жағдайын күн сайын сұрап отырған. Әкімдік Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен тұрақты байланыста болған. Облыс әкімінің орынбасары отбасына балаларды күтуге көмектесетін арнайы көмекші берілетінін және қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.

Төртем 24 қыркүйекте дүниеге келді

Альмираның төртемге жүкті екені анықталғаннан кейін ол Алматыдағы ғылыми орталық мамандарының бақылауына алынды. Жүктіліктің 30 аптасы мен 6 күнінде дәрігерлер кесарь тілігін жасап, Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімді төрт ұл дүниеге келді.


Альмира төртем күтіп жүргенін білгенде отбасы қатты қуанғанын, бірақ жүктіліктің оңай өтпегенін айтты. Оның сөзінше, отаны ғылыми орталықтың директоры жасаған. Мерзімінен ерте туған сәбилер алғашқы күннен бастап дәрігерлердің бақылауында болып, салмақ жинағаннан кейін анасымен бірге үйге оралды.

Бекеевтер отбасы Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында тұрады. 31 жастағы Альмира Бекеева Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте педагог болып жұмыс істейді. Жұбайы Олжас Бекеев жүк көлігін жүргізеді. Ерлі-зайыптылардың төртемнен бөлек үш баласы бар.

Төртемнің атасы Қайрат Бекеев төрт немересінің бірден дүниеге келуін үлкен сый деп атап, отбасының қуанышына ортақтасқан жұртқа алғыс айтты.

Ұқсас жаңалықтар