Атырауда көшеден қомақты қаржы салынған әмиян тауып алған оқушылар марапатқа ие болды. 6 және 7-сыныпта оқитын балалар әмиянды полиция қызметкерлеріне тапсырып, ақшаның иесіне қайтарылуына көмектескен, деп хабарлайды otirikemes.kz Атырау облысы полиция дпартаментіне сілтеме жасап.
Оқиға кезінде оқушылар көшеден ішінде 300 мың теңгеге жуық ақшасы бар әмиянды тауып алған. Олар олжаны өздеріне қалдырмай, бірден полицияға тапсырған. Тәртіп сақшылары көп ұзамай әмиян иесін анықтап, жоғалған қаражатын қайтарды.
Балалардың бұл әрекеті елеусіз қалмады. Атырау облысының бас полицейі Оңал Бекеев мектепке арнайы барып, оқушыларға адалдық пен азаматтық жауапкершілік танытқаны үшін Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Оқушылардың бұл қадамы жас ұрпаққа адалдық пен адамгершіліктің жарқын үлгісі болды.