21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Әлем

GTA VI үшін сабақтан қалды: Англияда 35 мың оқушы мектепке бармаған

GTA VI үшін сабақтан қалды: Англияда 35 мың оқушы мектепке бармаған
Dailymail.com/Reuters

Англияда Grand Theft Auto VI (GTA VI) компьютерлік ойынының жарыққа шығуы мектеп оқушыларының сабаққа қатысу көрсеткішіне әсер етті. Ойынның тұсаукесері өткен күні әдеттегіден 35 мыңға жуық оқушы сабаққа келмеген, деп хабарлайды otirikemes.kz The Telegraph басылымына сілтеме жасап.

Басылымының мәліметінше, көптен күткен ойын 19 қарашада жарық көрген. Сол күні мектептердегі сабаққа қатысу көрсеткіші күрт төмендеген. Егер дүйсенбіден сәрсенбіге дейін оқушылардың орташа есеппен 91,3 пайызы сабаққа қатысса, бейсенбі күні бұл көрсеткіш 88,8 пайызға дейін түскен.

Мектеп әкімшіліктері мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін алдын ала болжап, ата-аналарға балаларын сабаққа жіберу қажеттігі туралы ескерту хабарламаларын жолдаған. Кейбір оқу орындары сабаққа келген оқушылар арасында арнайы ваучерлер ойнатуды да жоспарлаған.

Ал Бирмингемдегі мектептердің бірінде сабаққа келмеген оқушыларды шағын автобуспен үйлерінен алып келу мүмкіндігі қарастырылған.

Алайда қабылданған шараларға қарамастан, жаппай сабақ босатудың алдын алу мүмкін болмаған. Arbor жүйесінің статистикасына сәйкес, бейсенбі күні сабаққа келмеген оқушылар саны айтарлықтай артқан. Аталған жүйені Англиядағы 1415 орта мектеп пайдаланады. Дегенмен бұл елдегі орта мектептердің жартысынан азын қамтитындықтан, нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін.

Бір қызығы, ойынның шығуына байланысты сабақтан қалу көрсеткіші ұлдар арасында ерекше өскен. Барлық жас санатында сабаққа келмеген ұлдардың саны қыздарға қарағанда көбірек болған. Бұл ретте GTA VI ойынына тек 18 жастан асқан адамдарға арналған жас шектеуі қойылған.

Айта кетейік, Grand Theft Auto VI — әлемдегі ең танымал ойын серияларының бірі. Оны Rockstar Games студиясы әзірлеген. Сарапшылар жаңа ойынның алғашқы сатылым көрсеткіші серияның алдыңғы бөлімінен екі еседен астам жоғары болады деп болжайды.

Ұқсас жаңалықтар