Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңсыз әрі әдепсіз контент таратқан 20-дан астам блогер мен стример жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігіндегі құқық бұзушылықтарға қарсы рейдтік жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Лайк пен донат үшін заң бұзғандар
Полиция өкілдерінің хабарлауынша, қаралым мен қаржылай түсім (донат) жинауды көздеген кейбір пайдаланушылар тікелей эфирде балағат сөздер айтып, тұрпайы әрекеттерге барған. Сондай-ақ өзге азаматтарды қорлап, қауіпті пранктер ұйымдастырған. Мұндай контенттің кәмелетке толмаған жастар арасында тез таралуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
«Қазіргі уақытта республика бойынша заң бұзған 20-дан астам стример жауапқа тартылды. Заң талаптары шынайы өмірде де, виртуалды әлемде де бәріне бірдей міндетті», — деп атап өтті ІІМ өкілдері.
Кімдер және қалай жазаланды?
Ведомство заң бұзған бірқатар азаматтардың есімін жария етті:
-
Ербол Дүйсенбаев (48 жаста, Шымкент): TikTok-тағы тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтқаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды.
-
Аслан Амантаев (26 жаста, Павлодар): Рөлде отырып тікелей эфир жүргізген, қауіпсіздік белдігін тақпай, балағат сөздер қолданғаны үшін 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
-
Гүлмира Қасенова (44 жаста, Талдықорған): Эфирде қоғамдық тәртіпті бұзып, бопсалау мен балағат сөздерге жол бергені үшін айыппұл арқалады (бұған дейін де осындай әрекеті үшін жауапқа тартылған).
-
Баян Шанкеева (Түркістан): Желіде «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» атымен танымал қолданушы тікелей эфирде агрессия көрсетіп, бейәдеп сөздер айтқаны үшін әкімшілік айыппұл алды.
Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігін құқыққа қайшы материалдардан тазарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың тоқтамайтынын ескертті.
«ІІМ бұзақылық пен заңсыздыққа жол бермейді. “Заң мен Тәртіп” қағидатын әрбір азамат интернетте де берік ұстануы тиіс», — делінген ресми хабарламада.