Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттаудан өткізу күндерін бекітті.
Бекітілген құжатқа сәйкес, меншік нысанына қарамастан барлық орта білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылы 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады.
Сонымен қатар мектеп оқушыларының демалыс кестесі де нақтыланды. Күзгі демалыс 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтсе, қысқы демалыс 2026 жылғы 28 желтоқсаннан 2027 жылғы 10 қаңтарға дейін жалғасады. Ал көктемгі демалыс 2027 жылғы 22-28 наурыз аралығына жоспарланған. Бірінші сынып оқушылары үшін 8-14 ақпан аралығында қосымша бір апталық демалыс беріледі.
Министрлік мәліметінше, 9 (10) сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 2027 жылғы 31 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Ал 11 (12) сынып түлектері мемлекеттік бітіру емтихандарын 1-17 маусым аралығында тапсырады.
9 (10) сынып оқушылары емтихан науқанын 31 мамырда математика (алгебра) пәнінен жазбаша жұмыспен бастайды. Кейін олар таңдау пәнінен, оқыту тілінен, сондай-ақ оқыту тіліне қарай қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады.
Таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан 2027 жылғы 3 маусымға белгіленген. Бұл тізімге физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шет тілі (ағылшын, француз, неміс) және информатика пәндері кіреді.
11 (12) сынып түлектері мемлекеттік емтихандарды 1 маусымда Қазақстан тарихынан ауызша сынақпен бастайды. Бұдан кейін олар алгебра және анализ бастамалары, оқыту тілі, таңдау пәні, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілі мен әдебиетінен емтихан тапсырады.
Емтихан кестесіне сәйкес:
-
алгебра және анализ бастамалары – 4 маусым;
-
оқыту тілі – 9 маусым;
-
таңдау пәні – 14 маусым;
-
қазақ тілі мен әдебиеті немесе орыс тілі мен әдебиеті – 17 маусым.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.