Өзге қалаға көшіп, жоғары оқу орындарына түскен студенттер үшін ең өзекті мәселелердің бірі - баспана, яғни жатақханаға орналасу. Көптеген жастар бұл процестің тәртібі мен өздеріне берілетін мемлекеттік қолдау шараларынан бейхабар болып жатады.
Осыған орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан студенттерді толғандырған басты сұрақтарға жауап берді.
Елімізде қанша жатақхана бар?
Ақерке Абылайханның сөзінше, бүгінгі таңда елімізде жалпы сыйымдылығы 72 125 орынды құрайтын 281 жатақхана пайдалануға берілген. Оның ішінде тікелей жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 51 323 орындық 182 жатақхана жұмыс істеп тұр.
Жатақхана бірінші кезекте кімдерге беріледі?
Жатақханадан орын бөлу кезінде ең алдымен әлеуметтік осал санаттағы білім алушыларға басымдық беріледі. Басымдыққа ие санаттар тізімі:
-
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттер;
-
Мүгедектігі бар студенттер;
-
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар;
-
Ауыл квотасымен түскен жастар;
-
«Серпін» жобасының қатысушылары;
-
Қандастар және басқа да әлеуметтік санаттағы білім алушылар.
Төтенше жағдайда қайда жүгіну қажет?
Жаңа оқу жылында студенттердің жатақханаға орналасуына байланысты түйткілдерді жедел шешу үшін Министрлік арнайы орталықтар ашты:
-
Ситуациялық орталық (Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университеті базасында) — студенттерге жатақханалардағы бос орындар туралы өзекті ақпарат береді.
-
Дағдарыс орталығы (М. Тынышпаев университеті базасында) — форс-мажорлық, яғни тығырыққа тірелген жағдайларда студенттерді уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етуге көмектеседі.
Кімдерге қаржылай көмек беріледі?
Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жатақханада тұратын жекелеген санаттағы студенттерге мемлекеттік өтемақы төлеу жүйесі енгізілген.
Атап айтқанда, жетім балаларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар студенттерге жатақханада тұрғаны үшін 29 АЕК-ке дейін (100 050 теңгеге дейін) өтемақы қарастырылған.