Қайтарылған активтер есебінен Жамбыл облысында елді мекендердегі 80 мыңнан астам тұрғын газбен қамтылды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Жамбыл облысында «Шу» автоматтандырылған газ тарату стансасының құрылысы аяқталады. Үкімет бұған Арнаулы мемлекеттік қордан 2,9 млрд теңге бөлді.
Стансаны іске қосу жылыту маусымында газ тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
«Қазір ауданды табиғи газбен қамту Шу қаласынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан «Қордай» автоматтандырылған газ тарату стансасы арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл стансаның қуаты тұтыну көлемінің өсуіне есептелмеген», - делінген ақпаратта.
Жаңа нысанды пайдалануға беру инфрақұрылымдық шектеулерді жойып, тұрғын үй секторын, орталық қазандықты және кәсіпкерлік нысандарын көгілдір отынмен үздіксіз қамтамасыз етеді. Жалпы жоба Шу және Мойынқұм аудандарының 84 мың тұрғынын тұрақты газбен қамтуға, сондай-ақ жаңа абоненттерге техникалық шарттар беруді қайта бастауға мүмкіндік береді.
Қазір құрылыс алаңында 29 қондырғы мен жабдықтар жиынтығы орнатылып, блокаралық коммуникациялар қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.