Қырғызстанда мәресіне жеткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары екі ел арасындағы қызу бәсекемен қатар, медаль кестесіне қатысты үлкен даумен аяқталды. Дода соңында Қазақстан мен Қырғызстан тарапы екі түрлі ақпарат таратып, бірінші орынды кімнің алғаны төңірегінде қайшылық туындады.
Қазақстанның ресми позициясы: 32 алтынмен көш бастадық
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі жариялаған ресми мәліметке сәйкес, ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте жеңіске жетті. Ел қоржынында жалпы 32 алтын, 20 күміс және 22 қола жүлде бар.
Министрлік таратқан кесте бойынша үздік үштік мынадай:
-
1-орын: Қазақстан (32 алтын, 20 күміс, 22 қола);
-
2-орын: Қырғызстан (30 алтын);
-
3-орын: Ресей (7 алтын).
Айта кетейік, соңғы жарыс күнінде (6 қыркүйек) отандық спортшылар тоғызқұмалақтан жоғары дайындық көрсетіп, 4 алтын, 2 күміс иеленді. Ал мангала сайысында ел намысын қорғаған зияткерлеріміз 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды қоржынға салды.
Қырғыз тарапының мәлімдемесі және ресми парақшадағы қайшылық
Ойындар аяқталған соң ұйымдастырушылар өткізген баспасөз конференциясында Қырғызстан өкілдері өздерін турнир жеңімпазы деп жариялады. Олардың келтірген дерегі бойынша:
-
Қазақстан құрамасы — 29 алтын, 16 күміс және 19 қола алған;
-
Ал бірінші орын Қырғызстанға бұйырған.
Алайда, ұйымдастырушылар берген ақпарат пен World Nomad Games-тің ресми парақшасындағы мәлімет бір-біріне сәйкес келмей тұр. Ресми парақшада Қазақстан еншісінде 29 алтын, 16 күміс, 20 қола көрсетілген.
Әлеуметтік желіде бәсекені тікелей бақылап отырған спортсүйер қауым мен қолданушылар ұйымдастырушы тараптың Қазақстан құрамасы адал жеңіп алған 3 алтын медалін есепке қоспай, әдейі шегеріп тастағанын жазып, наразылық білдіруде.
Сөйтіп, жарыс алаңындағы тартысты бәсекеден соң, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының түпкілікті жеңімпазы туралы ақпараттық дау әлі де басылмай тұр.