«Отбасы банк» «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының негізгі талаптарының бір бөлігін жариялады. Бағдарлама аясында әйелдер құны 50 млн теңгеге дейінгі тұрғын үйді сатып ала алады.
Бағдарламаға қатысу үшін отбасының ай сайынғы жиынтық табысы 1 млн 250 мың теңгеден аспауы қажет. Әзірге өтінім қабылдаудың нақты басталу күні, өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізімі және несие бойынша пайыздық мөлшерлеме ресми түрде жарияланған жоқ.
«Ұмай» ипотекасына ресми жұмысы бар және соңғы алты айдағы табысын құжатпен растай алатын әйелдер қатыса алады. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында баспана сатып алу үшін тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызы көлемінде бастапқы жарна төлеу талап етіледі.
Бұған дейін бағдарлама тамыз айында іске қосылатыны хабарланған болатын. Оны қаржыландыруға 45 млрд теңге бөлу жоспарланған.