Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен Қазақстан ұлттық құрамасын құттықтады.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында спортшыларымыздың бұл жеңісі тайсалмас табандылықтың, жанқиярлық еңбек пен мұқалмас ерік-жігердің арқасында келгенін ерекше атап өтті. Президент чемпиондар мен жүлдегерлерге, бапкерлер құрамына және спорт саласының барша мамандарына шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің бұндай ерен жетістіктері Қазақстанның ұлттық спорт түрлері өркендеген мемлекет ретіндегі халықаралық беделін асқақтата түседі.
Сөз соңында Мемлекет басшысы отандық спортшыларымызға алдағы халықаралық беделді бәсекелерде де биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді.