Теміртау қаласында жолаушылар мінген автобус жолдан шығып кетіп, ағашқа соғылды. Оқиға салдарынан 64 жастағы жүргізуші көз жұмды. Автобуста болған жолаушылар зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды otirikemes.kz Halyqstan telegram-арнасына сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, автобус жүргізушісінің рөлде келе жатқанда кенеттен жағдайы нашарлаған. Кейін ол есінен танып, басқарусыз қалған автобус тротуарға шығып кетіп, ағашқа соғылған.
Автобустағы жолаушылар жүргізушіге алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан. Алайда оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтады.
«Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Автобус салонында шамамен 15 жолаушы болған. Бақытымызға орай, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.