22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Спорт

Тарихи белес: Елена Рыбакина – әлемнің 1-ші ракеткасы атанды

Тарихи белес: Елена Рыбакина – әлемнің 1-ші ракеткасы атанды
фото: ҚТФ

Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина мансабында алғаш рет Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастады.

Бұл тарихи жетістікке қазақстандық теннисші US Open-2026 турнирінің жартылай финалына шығу арқылы қол жеткізді. WTA-ның live-рейтингінде ол беларусьтік Арина Соболенкодан озды. Рейтингтің ресми жаңартылуы дүйсенбі, 14 қыркүйекке жоспарланған. Ең бастысы, Елена ел спортының тарихында жаңа рекорд орнатты – ол жекелей сында әлемдік рейтингте көш бастаған Қазақстанның тұңғыш өкілі атанды. Бұған дейін әйелдер арасында да, ерлер арасында да отандық ешбір спортшы мұндай биікті бағындырмаған еді.

Мансабындағы жарқын белестер

Әлемдік рейтингтегі көшбасшылық – Еленаның кәсіби жолындағы кезекті заңды жетістігі. Бүгінде оның қоржынында жекелей сында жеңіп алған 13 WTA титулы бар.

  • Үлкен дулыға турнирлері: Рыбакина – «Үлкен дулыға» сериясының екі дүркін чемпионы. 2022 жылы Уимблдон турнирінде топ жарып, алғашқы титулын еншілесе, 2026 жылы Australian Open жарысының жеңімпазы атанды.

  • WTA Маусымды қорытындылау турнирі: 2025 жылы Эр-Риядта өткен Финалдық турнирде қарсылас шыдатпай, барлық 5 матчта жеңіске жетті. Шешуші ойында сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенконы тізе бүктірді.

  • Басқа да беделді жарыстар: Оның еншісінде WTA 1000 санатындағы екі титул (2023 жылы Индиан-Уэллс пен Римде), WTA 500 санатындағы 6 кубок және WTA 250 турнирлерінің 2 жеңісі бар.

Елена кәсіби турдағы алғашқы жүлдесін 2019 жылы Бухарестте иеленген болатын. Содан бері ол үлкен еңбекпен келешегінен үміт күттіретін теннисшіден әлемнің ең үздік ракеткасына дейінгі даңқты жолды жүріп өтті.

Булат Өтемұратов: «Бұл – миллиондаған қазақстандықты жігерлендіретін жеңіс»

Елена Рыбакинаның бұл жеңісіне Қазақстан теннис федерациясының президенті Булат Өтемұратов баға беріп, жылы лебізін білдірді:

«Бұл табыстың артында Еленаның және оның бүкіл командасының орасан зор еңбегі, табиғи таланты, қайсар мінезі мен жылдар бойы созылған мақсатты ұмтылысы тұр. Бұл – миллиондаған қазақстандықты біріктіріп, жігерлендіретін жеңіс. Бүгінгі жетістік әрбір жанкүйеріміз үшін ерекше сәт әрі спорттағы жолын жаңадан бастаған мыңдаған балаға зор үлгі болатынына сенімдімін. Елена Қазақстан өкілінің әлемде ең үздік бола алатынын дәлелдеді. Бұл – халықаралық спорт аренасында еліміздің беделін арттыратын үлкен мақтаныш! Қазақстан теннис федерациясының атынан барша отандастарымызды осы тарихи жетістікпен құттықтаймын!»

Елена Рыбакинаның есімінің қасында Қазақстан байрағының әлемдік теннистің ең биік шыңында тұруы – отандық спорт қауымдастығы үшін тарихи оқиға. Бұл нәтиже Федерацияның халықаралық деңгейде жүргізіп отырған жүйелі де нәтижелі жұмысының айқын көрінісі болды. Мұндай ұлы жеңістер елімізде спортқа, оның ішінде теннис өнеріне деген қызығушылықты арттырып, жас өрендерді жаңа белестерді бағындыруға қанаттандырары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар