Таразда әлеуметтік желіге видео түсіру үшін көлікпен тротуарға шыққан жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды otirikemes.kz Polisia.kz telegram-арнасына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегін анықтаған.
Желіде тараған бейнежазбадан Lada автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілерге арналған тротуармен қозғалғанын көруге болады. Мұндай әрекет айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Полиция қызметкерлері тәртіп бұзған азаматтың облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Белгілі болғандай, жас жігіт қауіпті әрекетке ермек үшін барған. Кейін өзі түсірген видеоны TikTok парақшасында жариялаған.
Аталған құқық бұзушылық бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері тротуар тек жаяу жүргіншілерге арналғанын еске салып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырды. Мамандардың айтуынша, мұндай жауапсыз әрекеттер қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.