АҚШ-тағы Heritage Auctions аукционында «Star Wars» фильмдеріндегі Дарт Вейдердің әйгілі жарық қылышы 4,875 миллион долларға сатылды, деп хабарлайды otirikemes.kz Bild порталына сілтеме жасап.
Сауда 12 қарашада Даллас қаласында өткен. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл кинофраншиза тарихындағы коллекциялық бұйым үшін төленген ең жоғары сома.
Аталған реквизит «Империя кері соққы береді» (1980) және «Джедайдың оралуы» (1983) фильмдерінде қолданылған. Дәл осы қылышпен Дарт Вейдер бұлтты қалада Люк Скайуокерге қарсы шайқасып, оған әйгілі «Мен сенің әкеңмін» деген сөзін айтқан.
Қылыштың сабында сызаттар, жарықтар және сынған бөлшек сақталған. Аукцион ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл зақымдар реквизиттің түпнұсқа екенін растайтын қосымша дәлел болған.