Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында полицияға сиыры жоғалғаны туралы хабарлаған әйелдің өзі малды сатып жібергені анықталды. Ол күйеуінен бұл әрекетін жасыру үшін құқық қорғау органдарына жалған ақпарат берген, деп хабарлайды otirikemes.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға ауыл тұрғындарының бірінің полицияға жүгінуінен басталған. Әйел үйінен шығып кеткен кезде қақпаны жабуды ұмытып кеткенін, ал қайта оралғанда басы мен бауыр тұсында ақ дақтары бар қара сиырының жоқ екенін айтқан.
Хабарлама түскен соң полицейлер алдымен мал ұрлығы болуы мүмкін деген болжамды тексеріп, іздестіру жұмыстарын бастаған. Себебі қараусыз қалған мал ұрылардың қолына түсуі немесе жолға шығып, жол-көлік оқиғасына себеп болуы ықтимал.
Іздестіруге аудандық полиция бөлімінің жеті қызметкері жұмылдырылып, олар кешке дейін ауыл мен оның айналасын аралаған. Келесі күні жұмысқа көршілес ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары, қызметтік-іздестіру иті бар кинолог және дрон операторы қосылған. Сонымен қатар тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген.
Алайда екі күнге созылған іздестіру нәтижесінде сиырдың жоғалмағаны белгілі болды. Анықталғандай, әйел малды басқа ауданның тұрғынына 550 мың теңгеге сатып жіберген.
Ол мұндай қадамға әпкесіне қаржылай көмектесу үшін барғанын түсіндірген. Әйел сиырды күйеуінің келісімінсіз сатып, кейін бұл жағдайды жұбайынан жасыру мақсатында полицияға жалған хабар берген.
Осылайша, әйелдің әрекеті салдарынан полицейлер екі күн бойы негізсіз іздестіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған. Арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақырғаны үшін ауыл тұрғыны жауапкершілікке тартылды.
Полиция азаматтарды құқық қорғау органдарына жалған ақпарат бермеуге шақырады. Мұндай әрекет қызметкерлердің уақытын босқа жұмсап қана қоймай, заң бойынша жауапкершілікке де әкеп соғады.