Қазақстанда Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және өзге де ірі халықаралық спорттық жарыстарға қатысатын делегацияларды жасақтаудың бірыңғай ережесі енгізілді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, делегация құрамына кіретін жаттықтырушылар, мамандар және басқа да өкілдердің саны бірнеше факторға байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, спортшылардың саны, жарыстың деңгейі мен ерекшелігі және ұлттық құраманың қажеттілігі ескеріледі.
Министрлік мәліметінше, жазғы Олимпиада ойындарында министрлік өкілдерінің үлесі 3%-дан, ал Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің саны 2%-дан аспауы тиіс. Қысқы Олимпиадада бұл көрсеткіштер сәйкесінше 10% және 8% болады.
Делегация құрамындағы ең жоғары квота жаттықтырушылар мен мамандарға бөлінген. Олардың үлесі жазғы Олимпиадада 86%-ға дейін, ал қысқы Олимпиада мен Паралимпиадада 100%-ға дейін жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, бірінші топтағы мүгедектігі бар спортшыларға еріп жүретін адамдардың үлесі 38%-ға дейінбелгіленген. Медицина қызметкерлеріне жазғы Олимпиадада 28%-ға дейін, ал басқа халықаралық жарыстарда 23%-ға дейін орын қарастырылған.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттерінің өкілдеріне де жеке квота бөлінеді. Жазғы ойындарда олардың үлесі 13%-ға дейін, ал қысқы ойындарда 40%-ға дейін болуы мүмкін.