21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Шымкентте жаңадан төселген тротуар опырылып, қыз шұңқырға құлап кетті.

Шымкентте жаңадан төселген тротуар опырылып, қыз шұңқырға құлап кетті.
Бейнежазбадан скриншот

Шымкент қаласында қатты жауыннан кейін тротуар опырылып, өтіп бара жатқан қыз жер астына құлап кеткен. Оқиға Түркістан көшесінде болған. Қорқынышты сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды otirikemes.kz 7 арна жаңалықтарына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жаяу жүргіншілер жолы жақында ғана жаңартылған. Алайда көп ұзамай тротуардың бір бөлігі кенеттен опырылып, үстімен өтіп бара жатқан қыз шұңқырға түсіп кеткен.


Аталған аумақты жөндеумен «Қуат жылу орталық» коммуналдық кәсіпорны айналысқан. Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, қатты жауын-шашын салдарынан жылу желісі өтетін аумақтағы тротуар плиткалары шөккен. Сондай-ақ бұл учаскедегі жылу құбырының тозғаны айтылды. Қазір бүлінген жер қалпына келтірілген.

Алайда тұрғындар жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасына күмән келтіріп, жаңадан төселген тротуармен жүруге қауіптеніп отырғанын жеткізген.

Оқиға кезінде зардап шеккен Аружан Сейділлә болған жағдайды әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Оның айтуынша, тротуардың беті бүтін болғандықтан, ешқандай қауіп байқамаған. Кенеттен жер астына құлап кеткенін де бірден түсінбеген.

«Мен ашық тұрған жерді басқан жоқпын. Бәрі жабық, кәдімгі тротуар сияқты көрінді. Не болғанын түсінбей де қалдым. Бір сәтте жер астына құлап бара жатқанымды байқадым. Адамдар бірден жүгіріп келіп, қолымнан ұстап, шығарып алды. Егер олар болмағанда, қаншалықты тереңге құлап кететінімді білмеймін. Оның үстіне, жаңбыр жауып тұрған еді. Менің орнымда кішкентай бала немесе қарт адам болса ше? Онда болған жағдайға кім жауап берер еді? Неге жұмысты бірден сапалы орындауға болмайды?» – дейді Аружан Сейділлә.

Қазір тротуар қайта жөнделгенімен, тұрғындарды оның қауіпсіздігі мен жөндеу жұмыстарының сапасы алаңдатып отыр.

Ұқсас жаңалықтар