21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Әлем

Ресейде ұшақ апатқа ұшырап, 19 адам көз жұмды

Ресейде ұшақ апатқа ұшырап, 19 адам көз жұмды
Фото: Lenta.ru

Ресейдің Кемерово облысында Ан-12 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Әуе апаты салдарынан борттағы 19 адамның барлығы көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, ұшақтың құлауына техникалық ақау себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды otirikemes.kz Tizgin.kz сайтына сілтеме жасап.

Ұшақ жоспарлы тапсырманы орындау кезінде құлаған. Қайғылы оқиға 17 қарашада Кемерово облысындағы Ягуново ауылының маңында болған. Ресей Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ан-12 әскери-көлік ұшағы жоспарлы ұшу тапсырмасын орындап жүрген кезде апатқа ұшыраған. Әуе кемесі елсіз аумаққа құлаған.

Министрліктің мәліметінше, ұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 19 адам болған. Олардың ешқайсысы аман қалмаған.

Оқиға орнына Кемерово облысының губернаторы Илья Середюк барған. Апат аумағында жедел штаб құрылып, құтқару қызметтері, медицина мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері жұмыс істеп жатыр. Мамандар ұшақтың сынықтарын зерттеуге кіріскен. Апаттың себебі анықталып жатыр

Ресей Қорғаныс министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, ұшақтың апатқа ұшырауына техникалық ақау себеп болуы ықтимал. Дегенмен әуе апатының нақты неден болғаны әзірге белгісіз. Оның түпкілікті себебі тергеу және техникалық сараптама нәтижесінде анықталады.

Оқиғаның мән-жайын тексеру үшін апат орнына Ресей Әуе-ғарыш күштерінің арнайы комиссиясы жіберілді. Сонымен қатар Ресей Тергеу комитетінің Бас әскери тергеу басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.

Тергеу аясында ұшақтың техникалық жай-күйі, ұшу қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және апатқа себеп болуы мүмкін өзге де факторлар тексеріледі.

Ұқсас жаңалықтар