Қазақстанда Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық шеңберінде 620 адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босатылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бостандыққа шыққан азаматтардың барлығы заң талаптарына сәйкес әкімшілік қадағалауға алынады.
Сондай-ақ рақымшылық нәтижесінде пробация қызметінің есебінде тұрған 724 азамат жазасын өтеуден толық босатылды. Бұдан бөлек, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылған.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған болатын.