22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Спорт

Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның 1-орын алғанын ресми түрде мойындады

Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстанның 1-орын алғанын ресми түрде мойындады
Туризм және спорт министрлігі

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы командалық есебіне қатысты туындаған түсініспеушілік оң шешімін тапты. Қырғыз Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагөзов ұйымдастыру комитеті Қазақстан спортшыларының медальдарын қайта есептегеннен кейін, Қазақстан құрамасының турнирде бірінші орын алғанын ресми түрде хабарлады.

Алагөзовтің айтуынша, халықаралық бәсеке өте жоғары деңгейде өтіп, спорттық сайыстар шынайы достық пен бауырластық жағдайда аяқталған. Ол, әсіресе, көкбөрі мен жер улақ жарыстарында Қырғызстан мен Қазақстан құрамалары тартысты әрі тартымды ойын өрнегін көрсеткенін атап өтті.

«Командалық есептегі жалғыз техникалық сәйкессіздік медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының медальдарын бөлек санау туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!», – деп жазды Аскат Алагөзов.

Президенттің баспасөз хатшысы өз сөзінде екі елдің спортшылары мен жанкүйерлері арасындағы өзара құрметке ерекше тоқталды. Жарыстар барысында көрермендер арасында ешқандай түсініспеушілік пен келіспеушілік орын алмағанын айтып, барлық спортшылар мен жанкүйерлерге алғысын білдірді.

«Медальдар есебі – спорттың бір ғана құрамдас бөлігі. Ал бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсеке рухында өткізе алғанымызда. Біз бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алдық», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі ел құрамасының VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жалпы 74 медаль (32 алтын, 20 күміс және 22 қола) жеңіп алып, көш басында тұрғанын мәлімдеген болатын. Ұйымдастырушылардың медальдарды қайта нақтылауынан кейін әділдік орнап, Қазақстанның турнирдегі жеңісі ресми түрде бекітілді.

Ұқсас жаңалықтар