Құрылтай отырысында бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құру туралы шешім қабылданды.
Қоғамдық палатаның негізгі міндеттері
Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс.
Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу.
Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді.
«Яғни біздің міндетіміз – қоғамды әзірленіп қойған шешімдер туралы ғана хабардар етумен шектелмейді. Бұл орайда заңнамалық тәсілдер қалыптасып жатқан кезеңнің өзінде қоғамның оларды талқылауға нақты қатысуына мүмкіндік жасау қажет», – деді депутат Айдос Сарым.
Палата құрамына қанша адам кіреді
Қоғамдық палатаның құрамына 50 адам кіреді. Оның құрамына барлық саяси партиялар фракцияларынан Құрылтай депутаттары, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың, өңірлердің өкілдері, сондай-ақ түрлі салалардың мамандары енеді.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасованың айтуынша, белгілі бір заңдар бойынша шетелдік сарапшылардың көмегі қажет болса, оларды шақыртуға мүмкіндік бар.
Сарапшылар заң жобаларын ашық түрде алдын ала талқылайды. Сонымен бірге Палатаның жұмысы тек заң жобаларымен шектелмейді. Сондықтан оның құрамында кең ауқымды өкілдікті қамтамасыз ету маңызды.
Қоғамдық палатаға қосымша қаржы бөлінбейді
Қоғамдық палатаның консультативтік-кеңесші орган ретіндегі негізгі міндеті – қоғамдық сараптаманы, кәсіби диалогты және Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты кері байланысты қамтамасыз ететін нақты жұмыс тетігіне айналу.
Депутаттар мұндай алаң заң шығару жұмысын неғұрлым ашық әрі мазмұнды етуге, түрлі ұстанымдарды ескеруге және ең бастысы, азаматтардың нақты сұраныстарына жауап беретін заңдардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп санайды.
Қоғамдық палатаның жұмысына қосымша қаражат бөлінбейді. Ол Құрылтайға бөлінген жалпы қаражаттың құрамына енеді.