Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) қоғам тарапынан туындаған өзекті сұрақтарға ғылыми әрі кәсіби тұрғыдан жауап беру мақсатында өз құрылымында жаңа «Исламдық қаржы» секторын құрды.
Бұл бастама туралы алғаш рет 2026 жылдың 14 қаңтарында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының дін қызметкерлеріне жолдаған Бағдарламалық баяндамасында жарияланған болатын.
Жаңа сектордың құрылу себебі
Соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына келіп түсетін сұрақтардың арасында салааралық зерттеуді қажет ететін мәселелер көбейген. Әсіресе, қаржы саласына қатысты сұраныстардың жиілегені байқалады.
Бүгінгі таңда ел арасында төмендегі бағыттар бойынша исламдық қаржы қағидаттарын қолдануға деген қызығушылық артып келеді: Кәсіпкерлік пен сауда-саттық, жалгерлік және қызмет көрсету, серіктестік келісімшарттар жасасу, инвестиция, қаржыландыру және қаржы тарту.
«Исламдық қаржы» секторының басты мақсаты - салалалық өзекті мәселелерді ғылыми негізде зерделеп, қоғамға дұрыс бағыт-бағдар беру. Негізгі міндеттері: Исламдық қаржы мәселелері бойынша келіп түсетін сұрақтар мен өтініштерді қарастыру. Зерттеулер мен талдауларға негізделген діни пәтуаларды дайындау. Сонымен қатар, арнайы оқыту курстары мен семинарларды ұйымдастыру.
ҚМДБ мәліметінше, сектор қызметінің тиімділігін әрі кәсібилігін қамтамасыз ету мақсатында оның басшылығына исламдық қаржы саласы бойынша PhD дәрежесін қорғаған және ислам банкінде тәжірибе жинақтаған білікті маман тағайындалды. Бірақ әзірге аты-жөні айтылмады.