Қазақстандық режиссер әрі актер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия Адамбай әлеуметтік желіде отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды otirikemes.kz.
Ғалия Адамбай Instagram парақшасында бірнеше жазба жариялап, психолог Төребек Бекбаевтың көзқарастарын сынға алды. Оның айтуынша, күйеуі өзі «төребекшілдік» деп атайтын ағымның ықпалында жүр. Ғалия бұл жағдай отбасындағы қарым-қатынасқа және балалардың тәрбиесіне кері әсер еткенін айтты.
Оның сөзінше, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан келіспеушіліктердің бірі балалардың күтімі мен денсаулығына қатысты. Ғалия үш жасар қызының тісін тазалату, балаларын дұрыс тамақтандыру және қажет кезде дәрігерге қарату мәселелерінде қиындыққа тап болғанын жеткізді. Оның айтуынша, Нұртас баланы өз еркінен тыс ештеңеге мәжбүрлеуге болмайды деген ұстанымды қолдайды.
Ғалия күйеуінің өз денсаулығына мұқият қарап, дұрыс тамақтанатынын және қажет дәрілерін қабылдайтынын да атап өтті. Ол жұбайының балаларға қатысты ұстанымын түсінбейтінін айтты.
Ғалия Адамбай айтқандарын растайтын құжаттар мен мамандардың қорытындыларын кейін жариялауға дайын екенін жеткізді. Ол жазбасында «Әзірге мен үшін балаларым бірінші орында» деп атап өтті. Сондай-ақ Нұртас Адамбайдың сөздері мен әрекеттері үшін жауап бермейтінін айтты.
Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаев бұған дейін дін мен руханият мәселелері талқыланған Nuradam діни-ағартушылық жобасына бірге қатысқан.