22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Сараптама

Ақмола облысындағы ауылға газ берілді

Ақмола облысындағы ауылға газ берілді
фото: видеодан скриншот

Целиноград ауданы Қызылсуат ауылында табиғи газ берілді. Салтанатты іс-шараға Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, ауыл тұрғындарын көптен күткен қуанышымен құттықтады.

«Бұл — Мемлекет басшысы айқындаған елді мекендерді газдандыру міндетінің ауданымызда жүзеге асырылуының кезекті нәтижесі. Бүгін Қызылсуат тұрғындары үшін айтулы күн. Табиғи газдың келуі тұрмысқа қолайлылық әкеліп қана қоймай, ауыл дамуының жаңа кезеңіне жол ашады. Қазір ауданның 9 елді мекені көгілдір отынмен қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», – деді басшы.

Жобаның бас мердігері – «АБТМ» ЖШС. Компания өкілі Низами Севхизановтың айтуынша, жұмыстарды желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Алайда мердігер ұйым жұмысты мерзімінен бұрын аяқтап, нысанды қыркүйекте тапсырған. 

«Бүгін – Қызылсуат ауылының тұрғындары үшін тарихи күн. Біз жұмыстарды аяқтауға бар күшімізді салдық. Осы орайда бізге көмектескен облыс, аудан әкімдіктеріне алғысымды айтқым келеді. Біз жұмысымызды мерзімінен бұрын аяқтап, адамдарды қуанттық. Биылғы жылыту маусымында ауылға газ беріледі, ондағы үйлер жылы болады», - деді Низами Севзиханов.

Жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Қызылсуатта 32 шақырым газ құбыры тартылып, газ реттеу пункті орнатылды. Жалпы жоба бойынша 65,5 шақырым газ желісін салу көзделген. Бұл 600 абонентті газға қосуға мүмкіндік береді.

Табиғи газдың келуі ауыл тұрғындарының тұрмысын айтарлықтай жеңілдетеді.

«Бұл – біз үшін өте маңызды оқиға. Газ күнделікті тіршілігімізді жеңілдетіп, тұрмысымызды жайлы етеді. Енді үнемі отын дайындауды ойлап, алаңдаудың керегі жоқ. Ауылымызда жайлы өмір сүруге жағдай жасалып жатқанына өте қуаныштымыз. Тұрмысымыз жақсарып, ауылымыздың дамып келе жатқанын сезінеміз. Бұл – әр отбасы үшін үлкен қуаныш, игі өзгеріс», – деді ауыл тұрғыны Гүлнар Сұлтанбекова.

Халықтың қаржылық жүктемесін азайту үшін де қолдау шаралары қарастырылған. 

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға тұтынылған газ үшін 20%-ға дейін жеңілдік беріледі. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға тұрғын үйін газға қосу үшін 70 АЕК (302 750, 1 АЕК – 4 325 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек қарастырылған.

Айта кетейік, Қызылсуат ауылын газдандыру 39 елді мекенді газбен қамтуды көздейтін «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры жобасының бірінші кезеңі аясында жүргізіліп жатыр. 

Жыл басынан бері Қосшы қаласы, сондай-ақ Қараөткел және Қаражар ауылдары газ жүйесіне қосылды. Нәтижесінде 99,4 мың адам табиғи газға қол жеткізді.

Сондай-ақ Целиноград ауданының Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жобалар жүзеге асқанда тағы 30 мыңға жуық тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік туады.

Ұқсас жаңалықтар