22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Экономика

Қазақстанның энергетикасы мен коммуналдық желілерін жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінеді

Қазақстанның энергетикасы мен коммуналдық желілерін жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінеді
primeminister.kz

Қазақстанда 2025–2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жалғасып жатыр. ҚР Үкіметінің мәліметінше, жобаға тартылатын инвестицияның жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды.

Бұл қаржының 6,8 трлн теңгесі коммуналдық секторға, ал 6,2 трлн теңгесі энергетика саласына бағытталады. Жоба 200-ден астам инфрақұрылымдық кәсіпорынды қамтиды.

Жобаның басты көрсеткіштері мен нәтижелері:

Инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету көзделген, бұл апатты жағдайларды 20%-ға азайтуға мүмкіндік береді. 547 млрд теңге бөлініп, 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделді. Нәтижесінде табиғи монополиялардың 8 субъектісі тозудың «қызыл аймағынан» шығарылды.

Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында 5 ірі жоба аяқталды. Электронды сатып алу платформасы мен Үкімет жанынан Жобалық офис іске қосылды. Сондай-ақ электр және жылумен қамту саласында жалпы құны 990,9 млрд теңгені құрайтын 393 жоба (12 мың шақырым) қолдау тапты.

2026 жылға арналған жоспар:

2026 жылға 1,1 трлн теңге көлемінде қаржыландыру бекітілді. Осы қаражат есебінен: 12 мың шақырым желіні жөндеу. Тағы 8 кәсіпорынды қауіпті аймақтан шығару және цифрлық платформасын толық ауқымда енгізу жоспарланған.

2029 жылға дейін отандық тауар өндірушілердің өніміне деген қажеттілік 2 трлн теңгеге бағаланып отыр. Қазірдің өзінде E-Ondiris платформасында 492 отандық кәсіпорын тіркелген.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұған дейін депутаттық сауалға берген жауабында еліміздегі коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейі 40%-дан асатынын, оны кезең-кезеңімен жаңарту мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өткен еді.

Ұқсас жаңалықтар