22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Экономика

Қазақстандықтар кепілсіз несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады

Қазақстандықтар кепілсіз несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады
shutter stock

Қазақстандықтар 2026 жылдың 12 қазанынан бастап кепілсіз алған несиесінен 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады. Бұл талапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекітті.

Жаңа ережеге сәйкес, азамат несие рәсімдегеннен кейін екі апта ішінде одан бас тартса, банкке айыппұл немесе өсім төлеуге міндетті емес. Қарыз алушы тек ақшаны нақты пайдаланған мерзімі үшін есептелген пайызды қайтаруы керек.

Сондай-ақ несие рәсімдеу кезінде жасалған ерікті сақтандыру шартын да осы мерзім ішінде айыппұлсыз бұзуға болады.

Бұдан былай банктер мен микроқаржы ұйымдары клиенттерге несие мен қосымша қызметтерден айыппұлсыз бас тартуға болатынын алдын ала түсіндіруге міндетті.

Қаржы ұйымдарына несие шарттарын жасыруға, клиентке қажет емес қосымша қызметтерді күштеп ұсынуға және құжаттарға оның атынан алдын ала келісім белгісін қоюға да тыйым салынады.

Несие жарнамасында оның толық құны, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, комиссиялары мен басқа да шығындары анық көрсетілуі тиіс. Егер қосымша төлемдер қарастырылса, мұндай несиені «тегін» немесе «комиссиясыз» деп жарнамалауға болмайды.

Сонымен бірге қаржы ұйымдары әрбір несие өнімінің тәуекелін алдын ала бағалап, оған цифрлық паспорт әзірлейді. Онда өнімнің негізгі сипаттамалары, сыйақы мөлшерлемесі, комиссиялары және қандай клиенттерге арналғаны көрсетіледі.

Ал жаңа несие өнімдері нарыққа шығарылмас бұрын арнайы тестілеуден өтеді. Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейтіп, несие өнімінің клиенттің қажеттілігі мен қаржылық мүмкіндігіне қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар