Қазақстанда 2029 жылға дейін 2,6 мың шағын жинақты мектепке жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары кезең-кезеңімен енгізіледі. Жоба қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға бағытталған.
Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа оқу жылының басты ерекшелігі — орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу болмақ.
2026 жылғы 12 мамырда Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу шаралары туралы» Жарлығы қабылданған болатын. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, аталған Жарлықты жүзеге асыруға арналған 2026–2029 жылдарға арналған Кешенді жоспар әзірледі.
«2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарының 10 шағын жинақты мектебінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңестіруге бағытталған жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылады», — деді министр.
Министрлік деректеріне сәйкес: Жоба бастапқыда 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. 2029 жылға дейін бұл жүйе еліміздегі барлық 2,6 мың шағын жинақты мектепке толығымен енгізілетін болады.