Бүгін, 1 қыркүйекте Қазақстан мектептерінде жаңа 2026–2027 оқу жылы басталып, 4 миллионға жуық бала партаға отырады.
Еліміздегі 8 мыңға жуық білім беру ұйымы өз есігін айқара ашты. Оқу-ағарту министрлігі мен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды.
Бірінші сыныпқа баратындар статистикасы
Бірінші сынып оқушыларының басым бөлігі мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқиды:
-
Мемлекеттік мектептерде: шамамен 296 мың оқушы
-
Жекеменшік мектептерде: 23 мыңға жуық оқушы
-
Қалалық мектептерде: 191 мыңға жуық бала
-
Ауылдық мектептерде: 128 мыңға жуық бала
-
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар: 4 мыңға жуық оқушы
Бірінші сынып оқушылары ең көп тіркелген өңірлер:
-
Түркістан облысы — 50 мыңнан астам бала
-
Алматы облысы — 35 мыңнан астам бала
-
Астана қаласы — шамамен 33 мың бала
-
Алматы қаласы — 31 мыңнан астам бала
-
Шымкент қаласы — 29 мыңнан астам бала
Мектептер саны мен инфрақұрылымның дамуы
Қазіргі таңда елімізде 8 048 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр. Бұл 2024–2025 оқу жылындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға көп.
2020 жылдан бері атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде:
-
1 200-ден астам жаңа мектеп бой көтерді.
-
1 миллионнан астам жаңа оқушы орны ашылды.
-
Үш ауысымда білім беретін мектептердің саны төрт есеге азайды.
2026–2027 оқу жылындағы жоспарлар
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, ағымдағы оқу жылында тағы 101 жаңа мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл оқу орындары жалпы алғанда 59,3 мың оқушыға арналған.
Нысандардың құрылысы Арнайы мемлекеттік қор, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, сондай-ақ жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылуда.