Қазақстанда микроқаржы ұйымдарынан шағын несие алып, оны уақытында төлей алмай жүргендердің қарызы көбейіп отыр. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, мерзімі өткен берешектің жалпы көлемі 323 млрд теңгеден асты.
Оның ішінде төлемін бір айға кешіктірген азаматтардың қарызы 127 млрд теңгеден асады.
Ал Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының жалпы несие портфелі 1,5 трлн теңгеден асып отыр. Оның негізгі бөлігін жеке тұлғалардың қарызы құрайды. Тұрғындар алған несиенің 1 трлн теңгеден астамын уақытында төлеп келеді.
Алайда қарызын үш айдан астам уақыт өтей алмай жүрген азаматтардың проблемалық несиесі де 73 млрд теңгеден асты.
Мәселе тек жеке тұлғаларға қатысты емес. Микроқаржы ұйымдарынан несие алған жеке кәсіпкерлердің 36 млрд теңгеден астам, ал заңды тұлғалардың 7 млрд теңгеден астам қарызының мерзімі өткен.
Ықтимал шығындардың алдын алу үшін микроқаржы ұйымдары арнайы резерв қалыптастырған. Оның көлемі 262 млрд теңгеден асады.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша активі ең ірі 20 микроқаржы ұйымының жиынтық активі 1,43 трлн теңгеге жеткен.
Ұлттық банк деректері микроқаржы нарығының едәуір бөлігі бірнеше ірі ұйымның қолында шоғырланғанын көрсетеді.