Қазақстанда соңғы бірнеше жылда алғаш рет психикалық ауру диагнозы қойылған адамдардың саны екі есеге жуық артқан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенген Energyprom.kz хабарлады.
Ведомство мәліметінше, 2021 жылы мұндай диагноз 8,5 мың адамға алғаш рет қойылса, 2025 жылы олардың саны 15,5 мыңға жеткен.
100 мың тұрғынға шаққандағы алғашқы сырқаттану көрсеткіші де өскен. Төрт жыл ішінде бұл көрсеткіш 45,1-ден 76 жағдайға дейін жоғарылаған. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында 100 мың адамға шаққанда 74 жағдай тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,7%-ға артқан. Өсім елдің 20 өңірінің 15-інде байқалған.
Ең жоғары өсім Батыс Қазақстан облысында – 90,3%, Қызылорда облысында – 49,3%, Алматы қаласында – 33,8% және Жамбыл облысында – 33% болған.
Балалар арасында да көрсеткіш өскен
Психикалық денсаулыққа қатысты алғашқы диагноздар балалар мен жасөспірімдер арасында да көбейген.
2025 жылы 14 жасқа дейінгі балалар арасында 100 мың тұрғынға шаққандағы алғашқы сырқаттану деңгейі 147,3 жағдайды құрады. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 1,8 есе жоғары.
Ал 15-17 жастағы жасөспірімдер арасында көрсеткіш 46,2-ден 65,9 жағдайға дейін өскен.
Мамандардың мәліметінше, 2025 жылы психикалық денсаулығына байланысты медициналық ұйымдарға 255,8 мың қазақстандық жүгінген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9,2%-ға көп.
Психиатрлар көбейді, төсек саны азайды
Қазір диспансерлік есепте шамамен 210 мың пациент тұр. Олардың 95,1 мыңы психобелсенді заттарды қолдануға байланысты психикалық аурулар бойынша есепте болса, оның ішінде 81,3 мың адам алкоголь тұтынуға байланысты дертке шалдыққан.
Сонымен бірге Қазақстанда психиатр мамандардың саны артқан. 2021 жылдан бері олардың саны 739-дан 998 адамға дейін көбейген.
Алайда осы аралықта психиатриялық стационарлардағы төсек саны керісінше азайған. 2021 жылы 7,5 мың төсек болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,2 мыңға дейін қысқарған.