Қазақстанда Пржевальский жылқыларын тарихи мекеніне қайтару халықаралық бағдарламасы аясында екінші құлын дүниеге келді. Осы бағдарлама бойынша алғашқы құлын 2026 жылдың 22 тамызында «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында туған болатын.
Қазіргі уақытта Умбра лақап атты енесі құлынының қасында. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын жіті бақылауда ұстап отыр.
Екінші құлынның өмірге келуі Еуропадан жеткізілген кертағылардың қазақ даласына бой үйретіп, табиғи жолмен көбейе бастағанын көрсетеді. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі — табиғи ортада өз бетінше өмір сүріп, көбейе алатын тұрақты популяцияны қалыптастыру.
Анықтама: Пржевальский жылқысы Еуразияда сақталып қалған жабайы жылқылардың соңғы түрі. XX ғасырда бұл жануар табиғатта мүлдем жойылып кеткен еді. Алайда оны зоопарктерде көбейтудің арқасында сақтап қалу мүмкін болды. Кейіннен кертағыларды тарихи мекендеген жерлеріне қайтару жұмыстары басталып, бүгінде Қазақстан бұл жобаны белсенді жүзеге асырып жатқан елдердің біріне айналды.
Кертағыларды Қазақстанға қайтару жобасы 2024 жылы басталған болатын. Содан бері Еуропадан біртіндеп жануарлар жеткізіле бастады:
-
2024 жылы - 7 жылқы;
-
2025 жылы - 7 жылқы;
-
2026 жылы - 8 жылқы Қазақстанға әкелінді.
Бұл ауқымды жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага зоопаркі, Қазақстан биологиялық әртүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБӘСА), Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг зоопаркі, Берлин Тирпаркі және «Хортобадь» ұлттық паркінің ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ жобаға Лейбниц атындағы Зоопарктер мен жабайы табиғатты зерттеу институты (IZW) ғылыми әрі ветеринарлық қолдау көрсетіп келеді.