Қазақстанда соңғы үш жылда қатерлі ісіктерді ерте анықтау көрсеткіші артып, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім төмендеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, соңғы үш жылда обырды бастапқы сатысында анықтау деңгейі 6,1%-ға өсіп, 36,8%-ға жеткен. Сонымен қатар аурудың асқынған түрлерін анықтау көрсеткіші 7,5%-ға азайған.
Осы уақыт аралығында қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың бес жылдық өмір сүру деңгейі 65%-ға дейін көтерілсе, онкологиялық дерттен болатын өлім-жітім 26,6%-ға қысқарған.
Министрліктің бағалауынша, негізгі көрсеткіштер бойынша Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші елдердің қатарында. Сондай-ақ елдегі онкологиялық қызмет ерте диагностикалау мен заманауи емдеу әдістерін енгізу арқылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне жақындап келеді.
Қазіргі таңда республика бойынша 246 мың адам онкологиялық ауруларға байланысты диспансерлік бақылауда тұр. Жыл сайын елде шамамен 43 мың адамнан қатерлі ісік алғаш рет анықталады.