22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Сараптама

Қазақстанда бес жасқа дейінгі балалар өлімі 38,5%-ға азайған

Қазақстанда бес жасқа дейінгі балалар өлімі 38,5%-ға азайған
фото: shutterstock

Қазақстанда соңғы жылдары балалар өлімінің негізгі көрсеткіштері төмендеген. Ұлттық статистика бюросының 2021–2025 жылдардағы деректеріне сәйкес, бес жасқа дейінгі балалар өлімі 38,5%-ға азайған.

Energyprom.kz мәліметінше, 2021 жылы бес жасқа дейінгі 4,4 мың бала қайтыс болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,7 мыңға дейін төмендеген. Оның 1,5 мыңы – ұл балалар.

Балалар өлімінің коэффициенті де 2021 жылғы 9,9-дан 2025 жылы 8,1-ге дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш әр мың тірі туған балаға шаққандағы бес жасқа дейінгі балалар өлімінің санын көрсетеді.

Қай өңірлерде көрсеткіш жоғары

2025 жылы балалар өлімінің ең төмен коэффициенті Ақмола облысында – 5,1 болған. Одан кейін Астана – 6,4 және Алматы – 6,6 тұр.

Ал ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында – 10,5 және Ұлытау облысында – 10,4 тіркелген.

Бес жасқа дейін қайтыс болған балалардың саны бойынша Түркістан облысы алда тұр – өңірде 455 бала көз жұмған.

Қазақстандағы көрсеткіш әлем елдерімен салыстырғанда қандай

Our World in Data мәліметінше, 2024 жылы әлемде тірі туған балалардың шамамен 3,7%-ы бес жасқа дейін қайтыс болған. Қазақстанда бұл көрсеткіш 0,9% болған.

Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша әлемде 70-орында тұр. Орталық Азияның басқа елдерінде көрсеткіш жоғары: Өзбекстанда – 1,3%, Қырғызстанда – 1,7%, Тәжікстанда – 2,8%, Түрікменстанда – 3,9%.

Нәресте өлімі де азайған

Бір жасқа дейінгі балалар өлімінің көрсеткіші де төмендеген. 2021 жылы 3,7 мың сәби қайтыс болса, 2025 жылы бұл сан 2 мыңға дейін азайған.

Нәресте өлімінің коэффициенті 2021 жылғы 8,3-тен 2025 жылы 5,9-ға дейін төмендеген.

Нәресте өлімінің негізгі себептерінің бірі – перинаталдық кезеңде пайда болатын патологиялық жағдайлар. 2025 жылы осы себептен 921 сәби қайтыс болған. Екінші орында туа біткен аномалиялар тұр.

Жазатайым оқиғалардан 87 сәби қайтыс болған

Нәресте өлімінің медициналық емес себептеріне жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттар жатады.

2025 жылы жол-көлік оқиғалары, терезеден құлау, тұрмыстық жарақаттар, күйік және басқа да жазатайым жағдайлар салдарынан 87 сәби қайтыс болған. 2021 жылы мұндай жағдайлардан 115 бала көз жұмған.

Ұқсас жаңалықтар