22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Сараптама

Қазақстанда 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шығатын әйелдер көбейді

Қазақстанда 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шығатын әйелдер көбейді
фото: shutterstock

Қазақстанда 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шығып, тұңғышын дүниеге әкелетін әйелдер саны артып келеді. 2025 жылы 40 жастан асқан 5 мыңға жуық әйел алғаш рет тұрмысқа шықса, осы жастағы әйелдер 16 мыңнан астам бала дүниеге әкелген.

Алғаш рет тұрмыс құрғандар

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр 40 жастан асқан 4,9 мың әйел алғаш рет некесін тіркеген. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,7%-ға өскен. Finprom сарапшыларының дерегінше, 40 жастан кейін алғаш рет тұрмысқа шыққан әйелдердің басым бөлігі 40-49 жаста. Олардың саны 3,6 мыңға жуық. Қалған 1,1 мың әйел 50 жастан кейін тұрмысқа шыққан.

Сонымен қатар жыл сайын зейнет жасындағы 200-300 әйел алғаш рет тұрмысқа шығады.

Ер адамдар және ажырасу

Осыған ұқсас үрдіс ер адамдар арасында да байқалады. Алғаш рет үйленген ер адамдардың арасында 40 жастан асқандардың үлесі 2025 жылы 5,9%-ға дейін өскен. 2021 жылы бұл көрсеткіш 5% болған.

Қазір елде ер адамдар орта есеппен 28 жаста, ал әйелдер 25,2-25,3 жаста үйленеді.

Мұнымен қатар ажырасатындардың жасы да өзгеріп келеді. 2021 жылы ер адамдар орта есеппен 38,8 жаста, ал әйелдер 37,3 жаста ажырасқан. Бұл алғашқы некеге қатысты көрсеткіш. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіштер тиісінше 36,2 және 34 жасқа дейін төмендеген.

Ажырасқан әйелдер қайтадан жиі тұрмысқа шыға бастаған

2025 жылы бұрын некеде болған 40 жастан асқан шамамен 10,6 мың ер адам қайта үйленген. Оның ішінде 40-49 жас аралығындағы 6,6 мың адам бар.

Әйелдерге келсек, бұрын ажырасқан 40 жастан асқан әйелдер де жиі тұрмысқа шыға бастаған. Олардың саны 2021 жылғы 6,6 мыңнан 2025 жылы 7,5 мыңға дейін өскен. Демек, бұл 14,5%-ға артық.

40 жаста бала тапқандар

Әйелдердің бала туудағы орташа жасы 2021 жылғы 29,4 жастан 2025 жылы 29,9 жасқа дейін өскен. Қалаларда бұл көрсеткіш 30 жастан асады.

2025 жылы 40 жастан асқан әйелдер 16,3 мың бала дүниеге әкелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға көп. Одан бөлек, 50 жастан асқан әйелдер 148 баланы дүниеге әкелген.

Айта кетейік, қазір Қазақстанда 6 миллион 200 мыңға жуық отбасы бар. Кейінгі бес жылдың дерегі бойынша елімізде жылына орта есеппен 126 мыңға жуық жаңа неке тіркеледі.

Ұқсас жаңалықтар