2026–2027 оқу жылында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (ЖЖОКБҰ) 38 университетінен 220 талапкер «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының білім беру грантына ие болды. 2022 жылдан бері тұрақты түрде жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба әсіресе ауылдық жерлердегі, шағын және моноқалалардағы жастарды қолдауға бағытталған.
Биылғы іріктеу қорытындысы бойынша грант иегерлері келесі үш санат бойынша бөлінді:
60 грант — ауылдардан, шағын және моноқалалардан шыққан жетім балалар мен кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға;
53 грант — өңірлердегі мүгедектігі бар азаматтарға;
107 грант — 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлерге тағайындалды.
Шешім Қордың Қамқоршылық кеңесі бекіткен арнайы тұжырымдама мен іріктеу моделіге сәйкес қабылданды. Иегерлердің соңғы тізімі Қор Басқармасының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі № 34 шешімімен ресми түрде бекітілді.
Бағдарлама шарттары бойынша Қор студенттердің бір академиялық оқу жылына 1 млн теңгеге дейінгі оқу ақысын төлейді. Оған қоса, оқу жылының 10 айы бойы ай сайын 60 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 1,5 есеге — 40 мыңнан 60 мың теңгеге дейін артқан.
Бағдарлама басталғалы бері жалпы 4 511 жас қазақстандық осы грант иегері атанды. Өткен оқу жылында 721 түлек диплом алып, өз кәсіби жолын бастады. Жоба — адами капиталға салынған маңызды инвестиция және өңірдегі жастардың сапалы білім алуына жол ашатын әлеуметтік тетік болып табылады.
Грант иегерлерінің толық тізімін «Қазақстан халқына» қорының ресми сайтындағы сілтеме арқылы көруге болады.