Қазақстан экономикасы 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында 4,1%-ға өсті. Бұл көрсеткіш соңғы үш ай қатарынан өзгеріссіз қалып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі мәлімдеді.
Экономикалық өсімге негізінен шикізаттық емес секторлар әсер етті. Сегіз айда өңдеу өнеркәсібінің өндірісі 8,4%-ға артқан.
Өсімнің ең жоғары қарқыны жеңіл өнеркәсіпте тіркелді – 70,4%. Сонымен қатар дайын металл бұйымдарын өндіру 33,3%-ға, фармацевтика 38,9%-ға, химия өнеркәсібі 27,3%-ға, машина жасау 21,2%-ға, тамақ өндірісі 12,9%-ға өсті.
Жалпы өнеркәсіп өндірісі 2,6%-ға артты. Экономиканың өзге де салаларында оң динамика сақталды: құрылыс – 15,6%, көлік және қоймалау – 7,3%, сауда – 6%, ауыл шаруашылығы – 5,2%, байланыс – 4,4%.
Машина жасау қарқыны жоғары
Машина жасау саласы сегіз айда 21,2%-ға өскен. Бұл көрсеткішке автомобиль өнеркәсібінің қарқынды дамуы айтарлықтай әсер етті. Жеңіл автомобильдер, автобустар, жүк және арнайы техника өндірісі 27,7%-ға артқан.
Ал теміржол техникасы өндірісінде көрсеткіштер әркелкі. Жолаушылар вагондары мен платформалар шығару көлемі артқанымен, жартылай вагондар мен локомотивтер өндірісі төмендеген.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осы төмендеудің себептерін талдап, машина жасау саласындағы жоғары өсім қарқынын сақтаудың мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.
Металлургия кәсіпорындары өндірістік қуаттарының 90–100%-ын пайдаланып отыр. Осыған қарамастан, шойын мен болат өндірісінің артуы нәтижесінде қара металлургиядағы өндіріс көлемі 2%-ға өскен.
Серік Жұманғариннің айтуынша, металлургия өңдеу өнеркәсібінің 40%-дан астамын құрайды. Сондықтан жыл соңына дейін металлургия мен машина жасау салаларындағы өсім Үкіметтің ерекше бақылауында болады.
Ауыл шаруашылығындағы өсім жеделдеді
Ауыл шаруашылығындағы өсім үшінші ай қатарынан жеделдеп келеді. Қаңтар–тамыз айларында сала 5,2%-ға өсті. Қаңтар–шілдеде бұл көрсеткіш 5%, ал бірінші жартыжылдықта 4,4% болған.
Министрлік өсімнің артуын егін жинау науқанының басталуымен және маусымдық факторлармен байланыстырады. Азық-түлік өндірісі де сегіз айда 12,9%-ға өскен.
Мұнай өндірісі біртіндеп қалпына келуде
Мұнай-газ секторында да өндіріс көлемі біртіндеп қалпына келе бастаған. Қаңтар–тамыз қорытындысы бойынша мұнай өндірудің нақты көлем индексі 91,6%-ды құрады. Өндірілген мұнай көлемі 61,7 млн тоннаға жетті. Қаңтар–шілдеде бұл көрсеткіш 53,2 млн тонна болған.
Үкімет 2026 жылы мұнай өндіру көлемін 96 млн тонна деңгейінде болжайды.
Осылайша, мұнай өндірісіндегі төмен көрсеткішке қарамастан, Қазақстан экономикасының өсімін негізінен өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, сауда және ауыл шаруашылығы қамтамасыз етіп отыр.