22 қыркүйек 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Қоғам

Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті

Қазақ телевизиясының ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті
Қазақ телевизиясының ардагері, белгілі журналист Тілеуқабыл Мыңжасар өмірден өтті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты.

Ведомство таратқан хабарламада Тілеуқабыл Мыңжасардың отандық медиа саласындағы орны ерекше екені атап өтілген.

«Тілеуқабыл Мыңжасар саналы ғұмырын телевизия саласына арнады. Ұзақ жылдар бойы «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы тілшісі болып, өңірдегі маңызды жаңалықтар мен өзекті мәселелерді халыққа жедел әрі сапалы жеткізді. Жоғары кәсібилігі мен азаматтық ұстанымы арқылы талай әріптесіне үлгі болды. Артында көптеген дарынды шәкірттері қалды. Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистика саласындағы еңбегі, кәсіби шеберлігі мен отандық телевизияға қосқан үлесі әріптестері мен көпшіліктің жадында мәңгі сақталады», – делінген министрлік хабарламасында.

Ғұмыр жолы мен жетістіктері

Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістанда дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын сол жылы қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында бастады.

«Хабар» агенттігі құрылған кезден бастап осы жүйеде адал қызмет етіп, 1998 жылдан бастап телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі міндетін абыроймен атқарды.

Ол - Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы. Сондай-ақ «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығының иегері. Ардагер журналистің көпжылдық еңбегі «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен жоғары бағаланған.

Қоштасу рәсімі

Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу және жаназа намазы 29 тамыз күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы қаралы шаңырағында өтеді.

Мекенжайы: Алматы қаласы, Розыбакиев көшесі, 289-үй, 80-пәтер.

Ұқсас жаңалықтар