Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнамдағы Елшілігінің қолдауымен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген блогер Қайсар Қамзаны Вьетнам Социалистік Республикасынан елге қайтарды.
Оқиғаның мән-жайы
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі үлкен аудиториясын пайдалана отырып, ақылы негізде заңсыз интернет-казиноны жарнамалаған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға қатысуға тартқан.
Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптоәмиянына 200 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат түскен.
Сонымен қатар, бұл қылмыстық топ 2021-2025 жылдар аралығында Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденгені анықталды.
Ұсталуы мен жаза мөлшері
Бұған дейін аталған қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынып, қалғандарына, соның ішінде осы күдіктіге де халықаралық іздеу жарияланған еді.
Маусым айында Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша күдікті Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылып отырған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.