Қасым-Жомарт Тоқаев Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жеткен Қазақстан құрамасын құттықтады.
Президент дзюдодан ұлттық құраманың аралас командалық сайыстағы сенімді жеңісін, сондай-ақ жекелей сында алтын медаль еншілеген Ғабит Расулхан, Фатима Супығалиева және Әділжан Жаудиновтың жетістігін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы жас чемпиондарға жарқын спорттық болашақ пен жаңа белестерді бағындыруды тіледі.
Бұл біріншілікте қазақстандық спортшылар 11 медаль (4 алтын, 3 күміс және 4 қола) жеңіп алып, отандық дзюдо тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) президенті Мариус Визер арасында телефон арқылы сөйлесу өтті. Мариус Визер Қазақстан Президентін жас балуандардың әлемдік турнирдегі бұрын-соңды болмаған тарихи табысымен құттықтады.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық спорт функционеріне ұлттық федерациямен және ҚР Туризм және спорт министрлігімен сындарлы әрі тығыз ынтымақтастық орнатқаны үшін алғыс білдіріп, бұл серіктестік елімізде дзюдо спортын бұқаралық түрде дамытуға зор септігін тигізіп отырғанын айтты.