Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші, әйелдер құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакинаны Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілуімен құттықтады. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – Пресс-хатшысы Айбек Смадияров хабарлады.
Президент өз жеделхатында бұл жеңістің отандық спорт тарихындағы маңызы мен спортшының ерен еңбегін ерекше атап өтті:
«WТА рейтингінің алғашқы сатысына көтерілу – бұл Сіздің феноменалды талантыңыздың, орасан зор еңбекқорлығыңыз бен өзіңізге деген бұлжымас сеніміңіздің арқасында бағындырған спорттық шыңыңыз. Осынау тарихи жетістігіңізбен Сіз қазақстандық спорттың даңқын асырып, есіміңізді әлемдік теннис жылнамасына алтын әріппен жаздыңыз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз еліміздің мыңдаған жас спортшылары мен ғаламшардың түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис сүйер қауым үшін жігерлендіретін үлгі-өнеге болып табылады. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, әртүрлі адамдармен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді атап өтпей өте алмаймын, бұл – Сіздің интеллектыңыз бен алған тәрбиеңіздің айқын көрінісі», – делінген құттықтау матнінде.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаға чемпиондарға тән жігерлі рухты сақтай отырып, жаңа биіктер мен зор жеңістерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.