Қазақстанның аңызға айналған «Рахат» кондитерлік бренді экспорт географиясын кеңейтуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, «ЛОТТЕ Рахат» АҚ тауарларын Оңтүстік Корея, Индонезия және Таиланд нарықтарына жеткізіп, шетелдегі отандық өнімнің үлесін арттыруды жоспарлап отыр.
Бүгінде кәсіпорын Алматы мен Шымкент қалаларындағы екі заманауи өндірістік алаңды біріктіреді. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тоннадан астам өнімді құрайды. Ассортиментте шоколад, кәмпит, печенье және вафлиді қосқанда 500-ден астам өнім түрі бар.
Экспорт географиясы және мемлекеттік қолдау
Қазіргі таңда компания сатылымының 22%-ға жуығы экспортқа тиесілі. Негізгі бағыт – Ресей (экспорттың 65%-ы). Сонымен қатар отандық өнімдер Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдерінде, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан және Германияда сатылуда. Ал 2026 жылдан бастап Латвияға да алғашқы өнімдер жөнелтіле бастады.
Экспортты кеңейтуге мемлекеттік қолдау, оның ішінде жаңа халықаралық нарықтарға шығуға көмектесетін қаржылай және сақтандыру құралдары үлкен септігін тигізуде.
Өндірісті модернизациялауға 19,4 млрд теңге инвестицияланды
Соңғы бірнеше жылда кәсіпорынның технологиялық дамуы мен қуаттылығын арттыруға 19,4 млрд теңгеге жуық инвестиция бағытталды. Оның 7,1 млрд теңгеден астам қаражаты Шымкенттегі өндірістік алаңды дамытуға, атап айтқанда вафли мен жүгері снектерін шығару сияқты жаңа бағыттарды игеруге жұмсалды.
Бүгінде фабрика плиткалы шоколадтың 80-нен астам түрін шығарады. Какао бұршақтарын өңдеуден бастап дайын өнімге дейінгі толық технологиялық тізбекке ие. Нағыз шоколадтың негізі саналатын какао ұнтағы, какао майы мен үгіндісі тікелей осы кәсіпорында дайындалады.
Халықаралық стандарттар мен тарихи бастау
Өнімнің сапасы көпдеңгейлі бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. 2026 жылдың маусым айында «ЛОТТЕ Рахат» АҚ «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік конкурс-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Кәсіпорын ISO, HACCP халықаралық стандарттарына және Halal талаптарына сай сертификатталған.
«Рахаттың» тарихы 1942 жылы Алматыға Мәскеу мен Харьков кондитерлік фабрикаларының эвакуациялануынан басталған еді. 1992 жылы Алматы кондитерлік фабрикасы «Рахат» акционерлік қоғамы болып өзгерді. Ал 2013 жылы оңтүстіккореялық жетекші LOTTE Confectionery компаниясы бақылаушы акциялар пакетін сатып алғаннан кейін кәсіпорын дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.