Қазақстандық оқушылар енді олимпиадалардағы жетістіктері үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауларындағы жеңістері үшін де ақшалай сыйақы алуы мүмкін. Дарынды балаларды қолдауға бағытталған бұл қосымша шаралар жаңа оқу жылынан бастап енгізілуі ықтимал. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың республикалық тамыз конференциясында айтты.
Биылғы конференция «Адам капиталы, білім, прогресс – халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбына арналды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның болашағы білім сапасы мен жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Жаңа цифрлық дәуірдің басталуына байланысты адам капиталы дамудың аса маңызды факторына айналып отыр. Бұл – Қазақстанның мықты тұсы. Балаларымыз талантты және әлемдік аренада жоғары бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп жүр», – деді Президент.
Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген қазақстандық оқушылардың жетістіктеріне тоқталды. Жуырда олардың бір тобы Ақордаға барып, марапаттарға ие болған еді.
Президенттің айтуынша, енді дарынды балаларды ынталандыру тетіктерін одан әрі кеңейту қажет.
«Осы оқу жылында дарынды балаларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қабылдауды тапсырдым. Ақшалай сыйлықтар енді тек олимпиадалардағы жетістіктері үшін ғана емес, ғылыми жобалар байқауларындағы жеңістері үшін де берілетін болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент білім беру, жаңа технологиялар және экономиканың өзара байланысына да назар аударды. Оның сөзінше, жастардың зияткерлік әлеуетіне салынған инвестицияның нәтижесі технологиялық бизнестің дамуынан да көрініс тауып отыр.
«Озық технологиялар жастардың зияткерлік әлеуетімен ұштасып, қазірдің өзінде айтарлықтай экономикалық нәтиже беріп отыр. Жаңа стартаптар құрылып, алғашқы так называемый «бірмүйіздер» пайда болды», – деді мемлекет басшысы.