21 қараша 2026 ж.
Шұғыл
Басты бет Саясат

Оқу-ағарту министрі өзін сынаған мұғаліммен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Оқу-ағарту министрі өзін сынаған мұғаліммен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қосшы қаласындағы IT-лицейге барып, мектеп мұғалімдерімен кездесті, деп хабарлайды otirikemes.kz. Жиынға бұған дейін әлеуметтік желіде білім беру жүйесіндегі өзгерістерді сынап, министрдің жұмысына қатысты пікір білдірген бастауыш сынып мұғалімі Майя Шахманова да қатысты.

@mia_expert парақшасының авторы бұған дейін педагогтердің жұмыс жүктемесі, кәсіби қажуы және білім саласында жиі енгізілетін өзгерістер туралы бірнеше рет мәселе көтерген. Ол министрдің білім деңгейін мойындайтынын айтқанымен, оның мектептегі практикалық тәжірибесіне қатысты күмәнін де жасырмаған.

Министрліктің хабарлауынша, сапар барысында Жұлдыз Сүлейменова лицейдің бастауыш сыныптарына кіріп, оқушылармен және ұстаздармен тілдесті. Кейін мектеп ұжымымен сұрақ-жауап форматында кездесу өткізіп, педагогтердің ұсыныстары мен сауалдарын тыңдады.

Кездесу кезінде бағалау жүйесі, мұғалімдерді аттестаттау тәртібі, оқулықтардың сапасы және оқу үдерісіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Министр ұстаздардың сұрақтарына жауап берді.

Жүздесуден кейін Майя Шахманова әлеуметтік желідегі парақшасында кездесуден алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, өзін және әріптестерін алаңдатып жүрген мәселелерді министрге тікелей жеткізіп, ашық пікір алмасуға мүмкіндік туған.

Педагог бұл мәселелерді бұған дейін де әлеуметтік желіде бірнеше рет көтергенін атап өтті. Ол министрмен бетпе-бет сөйлесіп, өзекті сұрақтарды талқылау мүмкіндігіне қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменованы мұқият тыңдай білетін, ашық диалогқа дайын адам ретінде сипаттады.

Майя Шахманованың пікірінше, бір кездесудің өзі барлық мәселені шешіп тастамайды. Дегенмен, мұғалім министрмен тікелей пікір алмасуға мүмкіндік туғанын оң бағалап, Жұлдыз Сүлейменоваға алғысын білдірді.



Ұқсас жаңалықтар