Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Ақтаудағы «Тұлпар» жекеменшік мектебінде тазалықшы әйелге қатысты болған оқиғаға байланысты пікір білдірді. Ол оқу орны қызметкерлерінің жалақысы, мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының жұмсалуы және мектеп құрылтайшысына қатысты көші-қон мәселелерін көтерді, деп хабарлайды otirikemes.kz tizgin.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұрат Әбенов әлеуметтік желідегі жазбасында аталған оқиға мектептегі еңбек заңнамасының сақталуына қатысты бірқатар сұрақ туындатқанын айтты.
Оның сөзінше, мектеп құрылтайшысының жұбайы делінген әйелдің тазалықшының шелегін теуіп, ішіндегі суды төгіп жіберуі қызметкердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау болып саналады.
«Шеттен келіп, біздің елде бизнес жасап отырған адамдарға қарапайым қазақ әйелін қорлауға кім құқық берді? Қазақстанның нанын жеп, мемлекеттің бюджетінен миллиондап қаржы алып отырып, өз азаматтарымызды басыну – бұл шектен шыққан бассыздық», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Халық кеңесінің мүшесі мектеп қызметкерлеріне жалақы төлеу мәселесіне назар аударды. Оның мәліметінше, оқу орнында жұмыс істейтін кейбір қызметкерлер тамыз айынан бері еңбекақысын алмаған.
Осыған байланысты Әбенов Маңғыстау облысының еңбек инспекциясы мен білім басқармасының әрекетіне қатысты сұрақтар қойды. Оның пікірінше, мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылатын жекеменшік мектептерде қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуы қатаң бақылауда болуы керек.
Үш серіктестік пен мемлекеттік қаржыға қатысты сауал
Мұрат Әбенов мектептің құрылтайшысына қатысты заңды тұлғалар туралы да ақпарат жариялады. Оның айтуынша, оқу орнының құрылтайшысы ретінде аталған Халеф Челик есімді азаматқа байланысты үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.
Олар:
* «Юникью Образовательный Центр» ЖШС (БСН 200740003407);
* «Ақтау Зияткерлік мектебі» ЖШС (БСН 210640036332);
* «Тұлпар школа-лицей» ЖШС (БСН 240640001315).
Әбенов аталған үш компанияның бірінен кейін бірі пайдаланылу себептерін анықтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол мектепке мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғанын тексеруді ұсынды.
«Егер ол жерге мемлекеттің қазынасынан қаржы құйылса, ол халықтың ақшасы. Жалпы қандастарымыз азаматтық ала алмай жатқанда Түркиядан келгендер қалай ҚР азаматы болған? Миграциялық заңдылық сақталған ба?» – деген сауал қойды ол.
Осы мәселелерге байланысты Мұрат Әбенов бірнеше мемлекеттік органға тексеру жүргізу жөнінде талап қойды. Атап айтқанда, полиция мен прокуратурадан оқиғаға құқықтық баға беруді, Қаржылық мониторинг агенттігі мен еңбек инспекциясынан үш серіктестіктің қаржылық операцияларын және бюджет қаражатының жұмсалуын тексеруді сұрады.
Бұдан бөлек, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда Маңғыстау облыстық білім басқармасының жауапты қызметкерлерінің әрекетіне де құқықтық баға берілуі қажет екенін айтты.
Ақтаудағы мектепте не болған?
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Ақтаудағы «Тұлпар» жекеменшік лицейінде түсірілген бейнежазба тараған еді. Кадрларда әйел адамның жұмыс істеп жатқан тазалықшының су толтырылған шелегін аяғымен теуіп жібергені көрінеді. Желі қолданушылары видеодағы әйелді мектеп директорының жұбайы деп таныстырған.
Оқиғадан кейін Маңғыстау облыстық білім басқармасы Ақтау қалалық білім бөлімінің арнайы комиссия құрып, тексеру бастағанын хабарлады. Ведомство өкілдері барлық тараптың түсініктемесі тыңдалып, жағдайға заң аясында баға берілетінін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта Мұрат Әбенов көтерген жалақы берешегі, үш серіктестіктің қызметі, мемлекеттік қаражаттың жұмсалуы және көші-қон заңнамасының сақталуына қатысты мәселелер бойынша құзырлы органдардың ресми қорытындысы жарияланған жоқ. Бұл мәлімдемелердегі деректердің барлығы тиісті тексеру нәтижесінде нақтылануға тиіс.